Ә.Байтанаев атындағы негізгі орта мектеп
Ресми интернет-ресурс

Интернетке тәуелділік – еркіндікке қауіп

Түркістан облысы, Отырар ауданы "Ә. Байтанаев атындағы негізгі орта мектеп" коммуналдық мемлекеттік мекемесінде "Ұшқыр ой алаңы" дебат үйірмесінің жетекшісі Н. Абдуламиттің, мектеп психологы А. Жаргобенованың ұйымдастыруымен "Заң мен тәртіп" жобасы аясында «Интернетке тәуелділік – еркіндікке қауіп» тақырыбында дебат өтті. Дебаттың мақсаты – оқушыларға интернеттің пайдасы мен зиянын саралап, өз уақытын тиімді пайдалану туралы ой салу болды.

Пікірсайыс барысында жақтаушы топ интернетке тәуелділік адамның еркіндігін шектейтінін дәлелдеді. Олар әлеуметтік желілерге, соның ішінде TikTok, Instagram және YouTube сияқты платформаларға шамадан тыс уақыт жұмсау оқудың сапасына, денсаулыққа және отбасы қарым-қатынасына кері әсер ететінін айтты. Сонымен қатар тәуелділік адамның уақытын өзі басқаруына кедергі келтіріп, шынайы өмірдегі белсенділігін төмендететінін атап өтті.

Ал қарсы тарап интернетті дұрыс қолданса, ол еркіндікке емес, керісінше мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді. Олар интернет арқылы білім алуға, ақпарат іздеуге, шығармашылық қабілетті дамытуға болатынын мысалдармен дәлелдеді.

Дебат өте тартысты әрі мазмұнды өтті. Оқушылар өз ойларын нақты дәлелдермен қорғап, мәдениетті түрде пікір алмасты. Қорытындысында интернеттің өзі емес, оны дұрыс пайдаланбау қауіпті екені айтылды. Ең бастысы – әр адам өз уақытын бақылап, саналы таңдау жасай білуі тиіс деген тұжырым жасалды.

https://www.facebook.com/share/p/1NvnPtypoy/