Түркістан облысы Отырар ауданы "Ә.Байтанаев атындағы негізгі орта мектеп" коммуналдық мемлекеттік мекемесінде мектебіміздің білікті басшысы Рысбай Серғазы Тыныштықұлының бастамасымен ұйымдастырылған аса ерекше, тарихи күндердің бірі аталып өтті. Мектебіміздің есімі берілген, қазақ тілі ғылымының көрнекті өкілі, филология ғалымдарының докторы, профессор Әбіш Байтанаевтың өмірдерегін насихаттайтын "Әдебиет әлемінің сырын ашқан" тақырыпта тарихи бұрыш ашылды. Тарихи кешке Әбіш Байтанаевтың немере туыстары: Әліұлы Жүсіп қария, Әлімжанов Ержан, ауыл қариялары Айнабеков Болат, Нәлібаев Дүйсенбек, Тасыбаев Әбсадық, Шерманов Жандарбек , мектептің ардагер ұстаздары: Отарова Күмісай, Мырзабекова Айнақыз апайларымыз қатысты. Тарихи кешті мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары И.Налибаева жүргізіп, филолог-ғалым Ә.Байтанаевтың өмір жолы мен шығармашылығынан баяндама оқып, мектебіміздің жас зерттеушісі Б.Жұмаберген " Байтанаевтың сыни еңбегі" тақырыбында ғылыми жобасымен таныстырды. Мектебіміздің өнерпаз оқушылары өз өнерлерімен келген қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кеш барысында тарихи бұрыштың ашылу салтанатының лентасын қию рәсімі мектеп директоры С.Рысбай мен Байтанаевтың немере туысы Әліұлы Жүсіп қарияға тапсырылды.Жүсіп қария, ауыл қариялары және ардагер ұстаздар мектеп ұжымына алғысын айтып, батасын берді. Ә.Байтанаевтың рухына бағышталып ас беріліп, Отырар ауданының бас имамы Б.Әбусейтов құран бағыштады.
Қазақ тілі білімінің дамуында өзіндік орны бар , елге елеулі, ғылымға сүбелі үлес қосқан Әбіш Байтанаевтың есімі - өскелең ұрпақ үшін мақтаныш!





